Фото: qamshy.kz
Ерлан Қариннің тізіміндегі кандидаттарға үгіт-насихат жүргізуге әкімшілік көмектесіп отырған. Бұл туралы сайлау нәтижесіне қарсы өткізіліп жатқан баспасөз конференциясы кезінде Инга Иманбай хабарлады.
"Қазір президент фамилиясы ауысқанымен біз Тоқаев басқаратын Назарбаев жүйесінде өмір сүріп жатырмыз. Бұған осы сайлауда анық көзіміз жетті. Алдын ала Қариннің тізімімен белгіленген кандидаттарға үгіт-насихатты әкімшілік жүргізгенін де дәлелдедік. Сайлау күні біздің сенімді өкілдерімізді полициямен сыртқа шығарып жіберген. Сайлау аяқталған соң менің сенімді өкілім хаттамаларды фотоға түсіріп, маған жіберді. Оны полиция күштеп шығарып жіберген де, менің хаттамамның санын төртеу деп көрсеткен. Негізі төрттен әлдеқайда көп еді. Сол жас жігіт штабқа түнгі сағат 3:00-те "Инга, сіздің даусыңызды қорғай алмадым" деп жылап келді", деді Инга Иманбай.
Оның айтуынша сайлау қорытындысын жоққа шығару керек.
"Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан деп атауды өзгертті. Алайда биылғы сайлаудың бұрынғыдан айырмашылығы қандай? Псевдооппозиция өкілдерін жарысқа қосты. Не үшін? Батыс елдеріне сайлаудың әділетті өткенін айту үшін осындай қадамға барды. Тіпті әкімшіліктің өзі псевдооппозиция өкілдеріне үгіт-насихат жасауға көмектесті", деп пікір білдір ол.
Сонымен қатар Инга Иманбай сайлауда жеңіске жеткен Ермұрат Бапиге қатысты да пікір білдірді:
"Үгіт-насихат кезінен бастап билік Ерлан Қариннің тізімін ашық түрде насихаттады. Ермұрат Бапидың сенімді өкілдерінің бірі Әли Ғани – әкімшілік қызметкері. Оның да құжаты бізде бар. Бұдан артық қандай дәлел керек? Сол себепті біз сайлау қорытындысын мойындамауымыз керек. Билікке қояр бірінші талабымыз сайлау нәтижесін жою болса, екіншісі жаңа заңдармен сайлау өткізуге келісу".
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір